Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айгүл Байдебекқызы Әмірбекова тілші-ғалым, білікті лексиколог және лексикограф. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Лексикология бөлімінің меңгерушісі. А. Әмірбекованың ғылыми-зерттеу еңбектері лексикология, фразеография, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика және латын графикалы жаңа әліпбидің емле-ережелері мәселелері туралы. Ғалым заманауи тіл білімі бағыттары бойынша іргелі монографиялар мен заманауи сөздіктер құрастыруға белсене атсалысып, Қазақ тілінің ұлттық корпусы аясындағы «Жазушылар ішкорпусы» жобасына жетекшілік етті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Лексикология және фразеография» сабағына дәріс оқыған. «Қазақ – ағылшын – орыс фразеологиялық сөздігін» жаңа концептуалдық, этномәдени, энциклопедиялық мағыналармен құрастырған авторлардың бірі.